Нормативтік-құқықтық актілер

"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы № 873 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 қарашадағы № 1528 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы № 873 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 36, 410-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 10-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру ережесінде:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Осы Ереже «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына (бұдан әрі – Конституциялық Заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану тәртібін айқындайды.»;
      2-тармақ мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «10-1) халықаралық ұйымдар өткізетін рәсімдер, салтанатты және спорттық іс-шаралар кезінде;»;
      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы оның көлеміне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс.»;
      мынадай мазмұндағы 10-1, 10-2 және 10-3-тармақтармен толықтырылсын:
      «10-1. Осы Ереженің 2-тармағының 10-1) тармақшасында көзделген рәсімдер, салтанатты және спорттық іс-шараларды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Конституциялық Заңға, сондай-ақ сол мемлекеттік хаттамалық практикасына және жергілікті салт-дәстүрлерге сәйкес орналастырылады.
      10-2. Спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер, бас жаттықтырушылар спорттық іс-шараларды ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын орналастыру тәртібін сақтауын қамтамасыз етуге міндетті.
      10-3. Шетелдік спортшылардың (командалардың) қатысуымен өтетін жарыстардың жүлдегерлерін марапаттау рәсімі кезінде өкілдері спорттық жарыстардың жүлдегерлері болып табылатын қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік тулары салтанатты түрде көтеріледі.»;
      14-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «14. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын бір және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі және мынадай өлшемдер пайдаланылады:»;
      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «18. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы оның көлеміне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс.»;
      21-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «21. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын бір және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі және мынадай өлшемдер пайдаланылады:»;
      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «28. Осы Ереженің 26-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мөрлер мен құжаттардың бланкілерінде, ресми басылымдарда орналастырылған Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бейнелері ұлттық стандарттарға сәйкес келуі тиіс:»;
      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «30. Осы Ереженің 26-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген құжаттарда орналастырылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнелері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ ұлттық стандарттарға сәйкес келуі тиіс.»;
      35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «35. Мемлекеттік рәміздер бейнелері бар стенділер (плакаттар) салтанатты іс-шаралар өтетін көпшілік назарына қолжетімді жерлерде орнатылуы тиіс.»;
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С. Ахметов

 

"Мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы № 862 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 қазандағы № 1381 Қаулысы

 

      Қазақстан Республикасы ҮкіметініңҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. «Мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы № 862 қаулысына(Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 36, 404-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      Тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын бекіту туралы»;
      кіріспенің мәтіні мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы Конституциялық заңының 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоса беріліп отырған Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидалары бекітілсін.»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С. Ахметов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2012 жылғы 31 қазандағы
№ 1381 қаулысына    
қосымша        

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2007 жылғы 1 қазандағы 
№ 862 қаулысымен    
бекітілген      

Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидалары (бұдан әрі- Қағидалар) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы Конституциялық Заңына (бұдан әрі- Конституциялық Заң) сәйкес әзірленді және ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою тәртібін айқындайды.

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік
Елтаңбасын ауыстыру және жою тәртібі

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жоюды Конституциялық заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы міндетті түрде орналастырылатын (орнатылатын, көтерілетін) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тұрақты жұмыс істейтін комиссиялары жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына қойылатын нысандардың, мөлшердің және техникалық талаптардың бұзылуы ұлттық стандарттарға сәйкес келмеушілік болып табылады.
      4. Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ауыстыруды және жоюды осы Қағидаларда көзделген тәртіппен ғимараттардың (үй-жайлардың) иелері өздерінің еркі бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын тігуді жүзеге асырады.
      5. Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын жою оларды қайта қолдану мүмкіндігін болдырмау мақсатында өртеу, балқыту, 2,5 шаршы сантиметрден аспайтын мөлшерде майдалап бөлшектеу, ұсақтау, қалыпсыз массаға немесе ұнтақ күйге айналдыру жолымен жүргізіледі.

Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашадағы № 1371 Қаулысы.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылыс және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

 

Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 22 қарашадағы
№ 1371 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау
және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдардың атауы жазылған мандайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және Қазақстан Республикасының аумағындағы әкімшілік ғимараттарда орналастыру тәртібін реттейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшалар - мемлекеттік органның атауы туралы анықтамалық ақпараты бар қасбеттің қабырғалық элементі;

      2) мемлекеттік органдар - Конституциямензаңдарымен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен мемлекеттің атынан:

      мінез-құлықтың жалпыға ортақ қағидаларын белгілейтін актілерді шығару;

      әлеуметтік маңызы бар қоғамдық қатынастарды басқару және реттеу;

      мемлекет белгілеген жалпыға ортақ мінез-құлық қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік мекемелер;

      3) төсем - маңдайшалардың негіздеріне арналған сәнді рамка.

2. Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды
дайындау және орналастыру

      3. Маңдайша кемінде 60x80 сантиметр мөлшерінде жасалуға тиіс. Қажет болған жағдайда маңдайшаның мөлшерін ұлғайтуға болады, бұл ретте 3/4 арақатынасы сақталуы тиіс.

      Маңдайшаны көлденең де, сондай-ақ тігінен де орналастыруға болады.

      4. Маңдайша қалыңдығы 1 сантиметрден 4 сантиметрге дейінгі төсемге орналастырылады, төсемде мемлекеттік органның атауы жазылған графикалық жазба болады.

      5. Маңдайшаларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы маңдайшаның жоғарғы үштен бір бөлігінің ортасында орналастырылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының диаметрі мынадай ара қатынасқа сәйкес келуге тиіс:

      көлденең орналасқан жағдайда: маңдайшаның биіктігі елтаңбаның диаметріне 1/5;

      тігінен орналасқан жағдайда: маңдайшаның биіктігі елтаңбаның диаметріне 1/6.

      6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының астына маңдайшаның 2/3 бөлігінен төмен мемлекеттік органның атауы жазылады. Маңдайша мәтіні әріптерінің биіктігі кемінде 3 сантиметр болуы тиіс. Полотноның реңі көк түсті, ал әріптер алтын түсті болуға тиіс.

      7. Маңдайшаның жиегі ені кемінде 3 сантиметр алтын түсті рамкамен қоршалады.

      8. Әріптердің шрифті "Book Antiqua".

      9. Егер мемлекеттік мекеме орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органның құрылымдық немесе ведомстволық бағыныстағы бөлімшелері болып табылса, онда маңдайшада мемлекеттік органның атауын көрсету қажет.

      Осы жазба Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының үстінде ортада орналасады. Жазбадағы әріптердің мөлшері кемінде 2 сантиметр болады.

      10. Мемлекеттік органның атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде, қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылуға тиіс.

      11. Мемлекеттік органның атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде және басқа да тілдерде дайындалып, орналастырылған жағдайда олар бір-бірінен жеке орналасқан әртүрлі маңдайша түрінде жасалады.

      12. Мәтінде шетелдік сөздерді, оның ішінде латын әріптерімен жазылған сөздерді, қысқартылған атауларды және аббревиатураларды пайдалануға болмайды.

      13. Маңдайшаны орналастыратын орын мемлекеттік органның атауы мен орналасқан жері туралы ақпарат беруге және оған кіретін жерді көрсетуге тиіс. Маңдайша ғимараттың қасбетінде үй-жайға кіреберістен 10 метр қашықтық шегінде немесе мемлекеттік орган алып отырған үй-жай шегінде орналасуға тиіс.

      14. Жұмыс уақытының режимі, қабылдау кестесі және басшылардың тегі сияқты басқа да ақпараттық деректерді маңдайшаға немесе мемлекеттік органның атауымен қатар орналастыруға болмайды.

      15. Қасбеттегі маңдайшаларға кешкі уақытта жарық түсірілуге тиіс.

      16. Мемлекеттік орган маңдайшаларды дайындауды, келісуді, ресімдеуді және орнатуды жүзеге асырады.

      17. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелердің маңдайшалары олардың ресми атауы немесе мемлекеттік мекеменің бағыныстылығы өзгерген жағдайда, маңдайшалар табиғи тозудың және моральдық ескірудің салдарынан, сондай-ақ қажет болған жағдайда аумақтық орналасқан жерді ауыстырған (көшкен) кезде ауыстырылады.

      18. Маңдайшаларды мемлекеттік орган пайдаланудың бүкіл кезеңінде тиісті техникалық және эстетикалық жай-күйде күтіп ұстауға тиіс.